Ормандағы ең ақылды қоянның ерлігіне куә болыңыз! Арыстан патшаның қайнаған суды ішу туралы күлкілі бәйгесін ешкім жеңе алмағанда, Тапқыр Қоян өзінің айлакерлігімен бәрін таң қалдырады. Бұл батыл қоян қалай жеңіске жеткенін біліп, оның қуанышты оқиғасына қосылыңыз!
"Тапқыр қоян" ертегісі Бірде орманда аңдардың патшасы арыстан бәйге жариялапты. Ол бір қазан суды қайнаттырып: – Осы суды кім ішіп қойса, көп сыйлық берем, - деген шарт қойыпты. Көп сый-сияпаттан дәмеленіп, бақтарын сынап көргісі келген аңдар бірінен соң бірі келеді. Қанша өжеттенсе де, олардың қай- қайсысының да қайнап тұрған суды ішуге батылдары бармапты. Ең соңында ойнақтай басып қоян келеді. Ол қып-қызыл шоқта тұрған қазанды көтеріп алады да: – Суды ыстықтай ішуді жақсы көремін, - деп жан-жағына қарайды. – Ендеше, іше-ғой, - дейді аңдар аң-таң қалып. Аңдардың бәрі қоянның не істейтінін көздерімен көруге асығады. Қоян ұзыннан-ұзақ қаз-қатар тізіліп тұрған аңдарды жағалай жүріп: – Мінеки, достарым, мынау ыстық су. Көздеріңмен көріңдер, сенбестік танытып жүрмеңдер, - деп бас-басына көрсетіп шығады. Қоян аңдарды басынан аяғына дейін аралап шығып, бәріне бірдей көрсетем дегенше қазандағы су суып қалады. Ал қулығын асырған тапқыр қоян суып қалған суды басына бір-ақ көтеріп, сіміріп салады. Таңданған аңдар ауыздарын ашып, көздерін жұмады. Тіпті олар қоянға қызыға қарай бастайды. Алданған аң патшасы арыстан қоянға көп сыйлықтар беріпті. – Міне, нағыз ер! - деп мақтапты. Сөйтіп, небір айлалы аңдардан асып түскен тапқыр қоян көп сыйлыққа ие болып, қуанышы қойнына сыймаған екен.